Атыраудағы газ-химия кешенінің құрылысы келесі жылы аяқталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы газ-химия кешенінің құрылысы келесі жылы аяқталады

24.08.2020

Атырауда газ-химия кешенінің құрылысы қарқын алды. Айтулы жобаның құрылысы келесі жылы аяқталмақ. Озық технологиямен жабдықталып жатқан зауыттан болашақта полипропилен шығарылады. Кəсіпорынға қажет құрал-жабдықтың дені жеткізіліп, монтаждалды. 

Бірегей кешен - 193 гектар аумақты алып жатыр. Іске қосылғаннан кейін, жылына 500 мың тонна полипропилен өндіреді. Бұл еліміздегі ең ірі зауыттардың бірі болмақ. Өнімнің шамамен оннан бір бөлігі ішкі нарыққа жіберіледі. Қалған 90 пайызы Қытай, Түркия, Шығыс жəне Орталық Еуропа, ТМД елдеріне экспортқа шығарылады. 

Талғат Кукатов, «KPI Inc.» ЖШС құрылыс жөніндегі басқарушы директоры:

- Жобалау бойынша 99 процент бітті. Жабдықтау бойынша 85,5 процент бітіп тұр. Құрылыс бойынша 45 процент жұмыс бітті. 

Жоба толық іске асқаннан кейін, мұнай-химия өнімін сату көлемі жылына 230 млрд теңгеге жетеді деп жоспарлануда. Кешен толық автоматтандырылады, яғни қол күшінен гөрі озық технологияға басымдық беріледі.

Дамир Əшімов, «KPI Inc.» ЖШС жобалау жөніндегі басқарушы директоры:

-Жоба аясында «Цифрлы KPI» бағдарламасы жасалды. Соның нəтижесінде газ-химия кешеніндегі технологиялық жұмыстар цифрлық жүйемен жүзеге асады. Құрылыс аяқталғаннан кейін жұмысшылар саны 586 адам болмақ, шетел мамандары тартылмайды, түгелдей өз еліміздің азаматтары болады. 

Өндіріске қажетті шикізат Теңіз кен орнынан жеткізілмек. Зауыттың құрылысын жүзеге асырып жатқан «KРI» ЖШС 2008 жылы құрылған. Ол «Самұрық-Қазына» Ұлттық əл-ауқат қорындағы» компаниялар тобының құрамына кіреді. 2018 жылғы 28 маусымда «Самұрық-Қазына» қоры компанияны «ҚазМұнайГаз»-ға сенімгерлік басқаруға тапсырды.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу