Елорда іргесіндегі Көктоғанның суы денсаулыққа зиян - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда іргесіндегі Көктоғанның суы денсаулыққа зиян

24.08.2020

Елорданың іргесінде орналасқан Көктоған жасанды су айдыны химиялық қоспалардан тұрады. Ал суы адам денсаулығына өте зиян. Қырат тəрізді ақ балшықтың да опырылып кету қаупі жоғары. Сынама жүргізіп, зерттеу жасаған экологтар осындай ескерту жасап отыр. Біздің түсірілім тобы да ел аузында жүрген əдемі жерді көзбен көріп, мамандардың пікірін тыңдап келді.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

- Биік шатқал, көкпөңбек су, табиғаттың ғажайып туындысы. Иә, бұл ешқандай шетел емес, елорданың іргесі. Көктоған немесе Голубая лагуна деп аталатын жер қазір көптің сүйікті орнына айналып үлгерді. Сейіл құрған жұрт мұнда көбінесе суретке түскенді жақсы көреді.

Карантин уақытында қалаға сыймаған жұрт далаға асықты. Əсіресе, осы жаз айында бұл мекенге келушілер көп болған.

Риза Төлеужанқызы, қала тұрғыны: 

- Мен осы жерді құрбыларымнан естіп, қыдырып келдім. Маған өте ұнады. Шомылуға бола ма, болмай ма, білмеймін.

Бірі бой жазып келсе, енді бірі бұл судан балық іздеп жүр. Тіпті жас жұбайлардың фотоқоржыны осы жермен толықты. Жазық даланы көріп өскен кей бала үшін қыраттар да биік тау сияқты.

Бұрын бұл маңда силикат кірпішінің зауыты болған. Өндіріс ошағы кірпіш жасайтын ақ балшықты дəл осы орыннан қазып алады. 2013 жылдан бастап зауыттың жұмысы тоқтаған соң, қалдықтар төгіле бастайды. Осылайша түрлі химиялық заттарға жаңбыр суы қосылып жасанды су жайдыны пайда болады. Мұнда балық та жоқ, балдыр да өспейді. Ал судың тереңдігі - шамамен 2 метр.

Сағыныш Сағынтаев, Нұр-Сұлтан қаласы Экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің бас маманы: 

- Химиялық талдау нəтижелері бойынша оттегінің химиялық тұтынудың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кетуі анықталды. Сондықтан мұнда суға түсуге болмайды. Себебі терінің сумен жанасуы аллергиялық реакцияларды тудыруы мүмкін.

Карьердің нақты кімнің иелігінде екені де белгісіз. Сондықтан ба, тылсым орын күл-қоқысқа айналып үлгерген.

Мұнда шомылмақ түгілі, су кешуге де болмайды. Себебі түбіндегі ақ балшық тартып əкетеді. «Ал биік қыраттардың опырылып кетуі қаупі жоғары», - дейді мамандар. Сол себепті экологтар мұнда мейлінше келмеуге шақырады, келген күннің өзінде аса сақ болу қажеттігін ескертіп отыр.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу