Елордада аз қамтылған отбасыдағы əр оқушыға 40 мың теңгеден беріледі. Қаражат баланың көлік картасына бірлік ретінде аударылады. Ата-аналар арнайы белгіленген 27 сауда орнына барып, қажетті киім-кешек пен кеңсе тауарларына айырбастай алады.
Биыл əкімдік 17 мың баланы осындай көмекпен қамтуды жоспарлаған. Ал былтыр 12 мыңнан аса оқушыға 30 мың теңгеден берілген еді. Айта өтейік, бұл ақша жетім жəне ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға тиесілі. Мемлекеттік атаулы көмек алатындар мен табысы жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінен төмен жанұяларға да беріледі. Осы санаттарға ілікпеген, алайда көмекке мұқтаж ата-аналар баласы оқитын мектептің қамқоршылық кеңесіне жүгіне алады. Арнайы орган ата-ананың өтінішін 15 күнде қарастырып, қаржылай көмек беру жөнінде шешім шығарады.
Алтынай Зарлыққызы, Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының баспасөз хатшысы:
-Бұл жұмыс «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп істеліп отыр, жыл сайын ата-аналардың да өтініші қарастырылады. Биылғы жылы сауда орындарын көбейтуге байланысты жұмыстар жүргізілді.
Ләйлә Дулатқызы