Депутаттар ұлттық деңгейде қосымша карантин шараларын енгізуді ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар ұлттық деңгейде қосымша карантин шараларын енгізуді ұсынды

17.06.2020
Депутаттар ұлттық деңгейде қосымша карантин шараларын енгізуді ұсынды

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ұлттық деңгейде қосымша карантин шараларын енгізу мәселесі көтерілді. «Ақ жол» фракциясының депутаттары Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады.

Мәжілісмен Меруерт Қазбекова карантин режимі жеңілдегеннен кейін бірқатар өңірде вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны күрт өскенін мәлімдеді. Осы орайда депутаттарға тест тапшылығына және науқастарға лық толы провизорлық орталықтарда емдеу процедуралары жүргізілмейтініне қатысты шағымдар келіп түсуде.

«Індеттің өршуіне адамдардың қауіпсіздік талаптарын сақтамауы себеп болып отыр. Сондықтан біз жағдай ушығып тұрған аймақтарда карантинді күшейтуді қолдаймыз», - деді депутат.

Бұл тұрғыда ол қосымша карантин шараларын ұлттық деңгейде енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

«Әсіресе, тұрғындарды тестілермен қамтамасыз ету қажет, соның ішінде тұрмысы төмен азаматтарды тестілеуден тегін өткізген жөн», - деді халық қалаулысы. Тіпті, қажет болса, шалғай ауылдардың тұрғындарын тестілеуден өткізу үшін және ауруларды бос емханаларға эвакуациялау үшін санитарлық пойыз ұйымдастыру керек, деп санайды депутаттар.

Хабарламаларға жазылу