Көлікте соғылған соңғы қоңырау - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көлікте соғылған соңғы қоңырау

25.05.2020

Онлайн форматтағы соңғы қоңырау. Бүгін елімізде оқу жылы аяқталып онлайн режимде соңғы қоңырау соғылды. Жылда тап осы күні мектеп түлектерінің шарасы салтанатты түрде өтетін. Алайда, індеттің таралу қаупінен биылғы 25-мамыр 3 млн жарым оқушы үйде отырып, тойлауға мәжбүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында жас түлектерді құттықтап, ұстаздарға ерекше алғысын білдірді.

Биыл еліміздегі 7412 мектепте 3 жарым миллионға жуық оқушы білім алып, оқуы жылын аяқтады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 130 мыңнан астам түлек қатысады. Алтын белгіге үміткерлер саны 8506.

Жақсы оқыған оқушылардың мадақтау қағаздары мектептегі жеке іс қағазында сақталады. Ал аттестат түлектерге маусымның 3-і мен 4-і күндері тапсырылады. Салтанатты рәсім сақтық үшін ғимаратта емес, мектептің ашық алаңында өтеді. Осылайша мектебін сағынған оқушылар ұстаздарымен қимай қоштасты. Кейбірі тіпті кітабын құшақтап жылап та алды. Білім алушылар түрлі қиындықтарға қарамастан, тәлім берген ұстаздарына алғыс айтып, ерекше ілтипатын экран арқылы жолдады.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу