Павлодар облысында Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кентінің тұрғындары малды таңғы өріске емес, тура әкім кеңсесінің алдына айдап апарды. Жайылымнан жұтаған жұрттың басқа амалы жоқ екенін айтады тұрғындар. Сөйтсе, ауыл әкімі талай жылдан бергі жайылым жерді жеке меншікке жалға беріп жіберген.
Қалқаман кенті тұрғындары бүгін қотандағы малды өріске емес, әкім кеңсесіне айдап келді. Көк шыққалы бір айдан асса да, көтерілмеген зеңгі баба тұқымы осы маңдағы көкті бірден жапырып жіберді.
Малдың желіні тартылып қалғаны жайылымның жоқтығынан ғана емес. Ауылдан қол созым жерге көкөніс салып тастаған фермер алқаптарды суару үшін шағын тоғанды да меншігіне қаратып алған. Бұл жерде жер асты суының көзі бар.
Амалы таусылған тұрғындар темір жол мен тас жолдың ортасындағы алақандай аумаққа мал жаюға мәжбүр. Бұған жету үшін де бірнеше шақырым жол жүрк керек. Соның өзінде бұл аумақ малға да, жанға да қауіпті болып тұр.
Болат АМАНБАЕВ