Павлодарда маса қаптап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда маса қаптап кетті

18.05.2020

Павлодарда қаланы сары маса буып тұр. Әсіресе кешкілік қиын. Оның үстіне шіркей де қаптап кетті. Қансорғыштардан жап шеккен жұрт облыс әкіміне шағымданған. Осы мәселеге қатысты жедел жиын өткізген аймақ басшысы масаны улап жатқан мердігер компанияның жұмысын қадағалауды тапсырды. Тіптен жұмыстың қаншалықты нәтиже бергені тексерілуі тиіс екенін айтты. Биыл өңірде шыбын-шіркейді улауға бюджеттен 602 миллион теңге қаржы бөлінді. Қансорғыштарға қарсы күрес екі апта бұрын басталса да нәтиже шамалы. Ауылдағылардың тіптен мазасы қашты. Бүгінгі кеңесте мердігер компания зиянкестердің 90 пайызын, дернәсілі қанаттанып үлгермей жойып жібергенін айтып есеп берді. Бұған сенімсіздік білдірген облыс әкімі шыбын-шіркей басылмайынша бюджет қаржысының 1 тиынында шығындамауды тапсырды.  

Болат АМАНБАЕВ


Хабарламаларға жазылу