Пара алам деп, темір торға тоғытылды. Алматыда төтенше жағдай режимі кезінде азаматтарды бақылау бекетінен өткізген полиция қызметкері жазаланды. Сондай-ақ дәл осындай қылмысқа барған Жетісу ауданы әкімдігінің қызметкерлері азғантай ақша үшін миллиондаған айыппұл арқалады. Блок бекеттерді торуылдап, Алматыға кіргісі келетіндердің қарасы әлі де қалың. Себебі кезең-кезеңімен мекемелер жұмысын бастап, қала сыртындағы қызметкерлерін жұмысқа шақырып жатыр.
Әкімдік қызметкерлері айыппұлмен құтылса, 20 мың теңге пара алған полиция қызметкері темір торға қамалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, патрульдік полиция полкінің инспекторы 1 жылға бас бостандығынан айырылған. Тәртіп сақшысы елдегі төтенше жағдайды "тиімді" пайдаланып, блок бекеттен азаматтарды кедергісіз өткізу үшін ақша сұраған.
Екі күнде Алматыға кіріп-шығу үшін 100 мыңнан астам адамнан өтініш түскен. Көптігінен ақпараттық жүйеге тіркелу кешеуілдеп жатыр. Мамандар тұрғындар тарапынан да қателіктер бар екендігін алға тартуда.
Жазира ОРАЗҚЫЗЫ