Мақтаралдағы бүгінгі ахуал қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақтаралдағы бүгінгі ахуал қандай?

14.05.2020

Мақтараал ауданында да тәулікке жақын толассыз нөсер жауғанына қарамастан, апат болған елді мекендерде су деңгейі біршама төмендеді. «Жаңа тұрмыс» ауылында 32, «Өргебаста» 10 сантиметрге азайған. Ал қалған елді мекендерде су 3-4 сантиметрге төмен түскен. Бұл өрт сөндіру техникасы, сорғылар мен коллекторлардың тынымсыз жұмысының нәтижесі. Осы күнге дейін апат аймақтарынан 8 миллион 455 текше метр су сорылды. Дегенмен тасқын болған 5 елді мекенде әлі де тереңдігі жарты метрге жуық су бар.

Бүгін аймақта төрт түлік пен үй құстарының өлекселерін жою жұмыстары қолға алынды. Ісініп, иістеніп кеткен өлекселер арнайы пеште өртеліп жатыр. Осы күнге дейін суға ағып өлген 908 малдың өлексесі жинап алынды. Оның көбі- қой-ешкі. Инфекцияның таралуына жол бермеу үшін өртелген мал арнайы аймаққа жеткізіліп, көміледі. Үкімет тарапынан мал иелеріне өтемақы төленбек. 

Ғани ҚАЛМАХАН 


Хабарламаларға жазылу