Нөсер жауыннан Түркістан облысының таулы аумақтарында сел жүрді. Соның кесірінен Төлеби, Қазығұрт, Бәйдібек аудандарында 522 үй су астында қалды. Төлеби ауданында төтенше жағдай жарияланды. Леңгірде 27 баспана бүлінген. Аудандағы Қасқасу өзені көтеріліп, 4 көпірді су шайып кетті. Ірі қара мен ұсақ малдарды да ағызып әкеткен.
Жаңбырдың астында жанталасқан жұрттың жағдайын білу үшін аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев Леңгірге келді, тұрғындармен тілдесті.
Нөсерлі жаңбырдан кеше Қасқасудың деңгейі көтерілді. Таудан тіке құлап ағатын өзен жағасындаағы ағаш-бұталарды да, жайылымдағы он шақты ірі қараны да ағызып әкеткен.Ол аздай 4 бірдей көпірді бұзып кетті.. Қасқасу-ауылды қақ жарып ағатын өзен. Сондықтан тұрғындар өз қолдарымен өткел жасап жатыр. Үлкендердің айтуынша мұндай тасқын 40 жылдан соң қайталанып отыр.
Бүгінде Сұлтанрабат ауылы мен Ленгр қаласының 150 тұрғыны қауіпсіз аумаққа көшірілді. Оның жартысы туыстарының үйін паналаса, қалғандары Көксәйек ауылындағы колледж ғимаратына жайғасты. Сел салдарымен күресте «Мақтаарал тәжірибесін» пайдаланамыз, тұрғындар ештемеге мұқтаж болмайтынын айтты Өмірзақ Шөкеев.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ