Ел экономикасын қалпына келтіру үшін арнайы жоспар әзірленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел экономикасын қалпына келтіру үшін арнайы жоспар әзірленді

12.05.2020

Үкімет маңызды құжатты келесі апта жарияламақ. Дағдарыстан шығуға арналған құжаттың жасалуы бекер емес. Коронавирус салдарынан көрсеткіштер едәуір кеміген. Әсіресе қаңтар-сәуір айларында қызмет көрсету саласы 17, сауда – 35 пайызға азайған. Импорт- 7 млрд долларға кеміді. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялар 0,9 процентке азайған. Десе де өсім жоқ емес. Тауар өндірісі – 5,8, құрылыс бес жарым пайызға артқан. Экспорт көлемі 4,2 процентке ұлғайып отыр. Бірақ бұл жеткіліксіз. Премьер-министр жағдайды жақсарту үшін кешенді жоспарды іске асыру керек деді. 

Ал қаржы нарығындағы ахуал тұрақтала бастады. Ұлттық банк төрағасының айтуынша сәуірде төл ақшамыз долларға шаққанда 5,2 процентке нығайып, 424 теңгені құрады. Ерболат Досаев долларға сұраныстың азайғанын айтты. Салдарынан валюта саудасының көлемі өткен аймен салыстырғанда екі есе азайған. Яғни 3 млрд 460 миллионнан 1 млрд 720 миллион долларға дейін төмендеді.

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу