Өңірлерде карантин режимі сақталады. Мәселен, Маңғыстау облысында шектеу шаралары 25 мамырға дейін ұзартылды. Өйткені, індетке шалдыққандар саны күн санап артып барады. Бүгіннің өзінде тағы 8 науқас тіркелді.
Ал Алматы облысында карантин тәртібі, керісінше, жеңілдетіледі. Себебі өңірде вирусты жұқтыру пайызы едәуір төмендеген.
Семейде де күн санап эпидахуал ушығып барады. Соңғы төрт күнде 21 адам коронавирусқа шалдыққан. Алтауы бала. Ең кішісі 1 жаста. Індеттің өршуіне тұрғындардың карантин талаптарын дұрыс сақтамауы себеп. Сондықтан қала әкімі халыққа үндеу жолдады.
Атырауда облыстық перинаталдық орталық жүкті әйелдерді қабылдауды уақытша тоқтатты. Себебі, орталықтағы төрт әйелден коронавирус инфекциясы анықталды. Соған байланысты қабылдау бөлімі мен патология бөлімі 2 күнге дезинфекциялау үшін жабылды.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ