Теңіз мұнай кен орны 14 күнге карантинге жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңіз мұнай кен орны 14 күнге карантинге жабылды

06.05.2020

Атырау облысындағы Теңіз мұнай кен орны 14 күнге карантинге жабылды. 

Өйткені, алпауыт компания өңірдегі коронавирус инфекциясының ең ірі ошағына айналып отыр. Вахталық жұмыс және қызметкерлердің топтасып жұмыс істеуі індеттің тез таралуына әкеп соқты. Қазір кеніштегі барлық адамды түгел тексеріп жатыр. Зауыт аумағында 300 орындық провизорлық стационар дайындалуда. Бүгінгі күнге дейін кеніштен COVID-19 инфекциясын жұқтырған 160 адам анықталды. Он сегізі дертінен айықты.

 «Теңіз кен орнындағы жағдайдың ушығуына байлысты, кәсіпорын аумағында шектеу шаралары күшейтілді. Қаулыға сәйкес, вахталық қалашықтар арасында сағат 21:00-ден 5:00-ге дейін жұмысшылардың жүруіне тыйым салынды. Науқастармен байланыста болған адамдар үшін, қосымша карантиндік орындар дайындалуда».

Ақтауда да індет өршіп барады. Ресейден келген студенттердің арасынан Covid-19 инфекциясын жұқтырған 2 адам анықталды. 20 және 21 жастағы қыз бен жігіт тиісті ем қабылдауда. Олармен бірге келгендердің барлығы обсервациялық стационарға жатқызылды. Осымен өңірде науқастар саны- 90 ға жетті.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу