Батыс Қазақстан облысында 14 медициналық қызметкерден вирус анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында 14 медициналық қызметкерден вирус анықталды

04.05.2020

БҚО-да 14 медициналық қызметкерден коронавирус анықталды. Ал Маңғыстауда 3 ауыл карантинге жабылды. Ал Семейдегі бір отбасында 3 адам індетке шалдықса, оның екеуі бала.  

БҚО-да демалыс күндері 40 адамнан коронавирус жұқпасы табылды. Олардың басым бөлігі Ресейден келген ел азаматтары болса, 14-і медициналық қызметкер. Өңірде барлығы 186 адамнан қатерлі індет анықталды. 31-і емделіп шықты.

Маңғыстауда Қарақия ауданына қарасты 3 ауыл карантинге жабылды. Себебі бір-біріне жақын орналасқан Сенек, Бостан және Құланды елді-мекендерінде қауіпті індетті жұқтырғандар саны 29-ға жетті. Ал Атырауда Полиция департаменті бастығының орынбасары коронавирус жұқтырып алған.

Семейде тағы үш науқас тіркелді. Бәрі отбасының мүшелері. Індетке шалдыққандар 17 және 8 жастағы балалар мен анасы. Қазір олар инфекциялық стационарға оқшауланды. Шығыс Қазақстан обылысында вирус жұқтырған тағы бір адам Тарбағатай ауданынан анықталып отыр. Жалпы облыс бойынша 29 адам індетке шалдыққан.

Ержан ЖАҚЫП


Хабарламаларға жазылу