Мақтаарал ауданындағы су басқан ауылдардың бүгінгі ахуалы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақтаарал ауданындағы су басқан ауылдардың бүгінгі ахуалы

04.05.2020

Сардоба су қоймасы үш күн бұрын таңғы сағат 5-тен 10 минут кеткенде жарылғаны белгілі. Қазақстан шекарасынан 25 шақырым аумақта орналасқан бөгеттен милиондаған тонна су біздің елге бағыт алған. Алдымен қызыл су шекара түбінде отырған Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердауси, Достық ауылдарын шайды. Су лап етіп бір сәтте құймай, біртіндеп келуінің арқасында ауылдардың халқы мен малы бүтін. Алайда шығын орасан. Тұрғындар апат салдарын видеоға түсіріп, таратып жатыр.  

Ал кеше қызыл су Достық, Шұғыла, Арай ауылдарына жайылды. Тілсіз жау жолындағысын шайып келеді. Көл болып жайылған су түбінде вагон, камаз, ауыр техника да жатыр.

Қазір, Өзбекстан жақтан аққан су тоқтады. Дей тұрғанмен, 14 елді мекен қыл үстінде. Солардың бірі Жетісай ауданынан қарасты, Қоғалы ауылы. Ауылдастар қарап отырмай, биіктігі 2,5 метр, ұзындығы жарты шақырым бөгет салған.

Толарсақтан су кешсе де, Қазаққа байрақ қашанда қымбат. Аты-жөні беймәлім мына азамат туды жинап, өзімен алып барады. Тұрағым жығылса да, туым жығылмасын деген тұрғынның әрекеті әлеуметтік желі де жұрт қолпашына ие болып жатыр.

Ғабит БӨКЕНБАЙ


Хабарламаларға жазылу