«Құрық» порты – Тәуелсіз Қазақстанның ең ірі көліктік-инфрақұрылымдық жобасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Құрық» порты – Тәуелсіз Қазақстанның ең ірі көліктік-инфрақұрылымдық жобасы

11.08.2018

Порт жыл он екі ай үздіксіз екі бағытта жүк тиеп-түсіруге қауқарлы. Айлақтың бірінде паромдық кемелерге тауар тасымалдайтын автокөліктер кіргізілсе, екіншісінде вагондар теміржолдан түсірілмей-ақ тікелей жүктеледі. «Құрық» портының жылдық жүк жөнелту қуаты 2020 жылға қарай 6 млн. тоннаға жеткізілмек. Ен далаға жан бітірген ірі жобаның игілігін жергілікті халық та көріп жатыр.

Еуразияның логистикалық картасында маңызды орын алатын экономикалық нысан «Құрық порты» – Каспий теңізінің шығысында жатқан шығанақ. Ал, Ақтау айлағынан оңтүстікте орналасқан. Табиғи мүйіс порттың қысы-жазы тоқтаусыз қызмет көрсетуіне қолайлы таңдалған.

Көліктік-логистикалық инфрақұрылым Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылынан 17 шақырым қашықта. Порт пен ауылды Боржақты-Ерсай теміржол желісі байланыстырады. Ірі жоба елді мекеннің тірлігін түзетуге, жұртшылықтың әлеуетін көтеруге сеп болды. Мысалы, былтыр 740-қа жуық адам құрылысқа жұмылса, биыл 300-ден астам азамат тұрақты жұмыс тапты. Мұның сыртында порттың керек-жарағын қамтамасыз ету үшін жекеменшік мекемелер ашылуда.

Қыдырберді Беков, Қарақия ауданының әкімі:

- «Құрық» порты кешені инфрақұрылымының жүргізілуі айналадағы жаңа жобалардың, көліктік-инфрақұрылымның дамуына, жаңа сервистік қызметтердің жүзеге асуына үлкен әсерін беріп жатқан бағыттың бірі. Демек, өз кезегінде жаңа жобалардың жүзеге асуы арқылы жаңа кәсіпкерліктің қарқыны артады деген сөз.

Жұртшылыққа жұмыс, қазынаға қаражат. «Құрық» порты жергілікті бюджеттің бүйірін томпайтуда. 2017 жылы 41 млн. теңгеден асырса, биыл 6 айда 33 млн. теңгеге дейін түсім түсірген. Бұл енді бір ауылға тигізген пайдасы, ал, тұтас Қазақстанға берері ұшан-теңіз. Елбасы осы жөнінде: «Біз пароммен өткізу жолын аштық. Ендігі жерде автокөлік паромы «Құрық» порты арқылы Құрық-Баку- Грузия-Түркия, Босфор шығанағы Еуропа бағдарына шығуға дайын. Қазақстан құрлықтағы ел, барлық теңіздерге, оның ішінде Парсы шығанағына да шығатын боламыз. Біз Қазақстан үшін аса ауқымды жұмыстарды атқардық»,- деген болатын.

Талғат Оспанов, «Құрық» порты бас директорының орынбасары:

- Қазіргі таңда «Құрық» порты кешені арқылы экспорттық, импорттық және транзиттік жүктер жөнелтілуде. Қытайдан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан транзиттік жүктер осы «Құрық» порты арқылы Әзірбайжан мен Еуропаға жөнелтіледі. Елімізде өтіп жатқан Ұлы Жібек жолы бағыты бойынша тасымалданатын жүктердің артуына «Құрық» порты өз үлесін қосуда. 

Осылайша, былтыр теміржол паромы терминалы 1,5 млн. тонна жүк тиеді. Портқа 320 кеменің кіруі тіркелді. Биыл 15 216 вагонға және 306 автокөлікке қызмет көрсетілді. «Құрық» паромдық кешені жылына 4 млн. тоннаға дейін жүк тасымалдауға қауқарлы. Ал, Ақтау теңіз сауда портын қоса алғанда, 2020 жылға қарай 25 млн. тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндіктері бар. 

Александр Ким, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Ірі жобаларды жүзеге асыру жөніндегі дирекция директорының орынбасары:

- Түркияға жаңа тікелей теміржол төселді. Енді тек дәстүрлі ұн мен бидай ғана экспортталмайды. Жем-шөптік өнімді де өткіземіз. Қазақстан тауарлары ең сұранысы жоғары халықаралық нарыққа жылдам жеткізіледі. Ал, жүкті жөнелтушілер үшін арзанға соғады. Демек, ауқымды нарықта еліміздің бизнесмендеріне сауда-саттық жасау тиімді болды. Әсіресе, аграрлық салада. 

Порттағы қос айлақтың бірінде автокөліктер радиациялық бақылау жүйесімен тексеріледі. Барлық құжаттық рәсімдеу «бір терезе» қағидасымен атқарылады. Мамандар Құрық экономикалық айлағының әлемдік деңгейге шыққанын айтады. Транскаспий дәлізімен өтетін тасымалдың әр алуандығы мен өсімін ескерер болса, порт жуық арада транспорттық қажеттілікті өтейтін орталыққа айналады. Сарапшылар бұған бек сенімді. 

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу