Басы дауға қалған әнші Ернар Айдар алаяқтарға алданып қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Басы дауға қалған әнші Ернар Айдар алаяқтарға алданып қалған

29.04.2020

Тікелей эфирде ұтыс ойнатамын деп басы дауға қалған әнші Ернар Айдар алаяқтарға алданып қалған. Лотереяны ұйымдастырушылар оны тек жарнама жасап беруге шақырыпты. 23 сәуірден бері байланысқа шықпаған әнші әлеуметтік желідегі парақшасында осылай деді. Құзырлы орган өкілдері оның қамауға алынбағанын, қолхатпен бостандыққа жіберілгенін айтты. Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу амалдарына куәгер ретінде қатысып жатқанын растады.

Ал құзырлы орган өкілдері тергеу амалдары шамамен 2 ай жүргізілетінін айтты. Яғни ойынды ұйымдастырушылар мен оған қатысы барлар қандай жазаға тартылатыны әзірге белгісіз.

Бір айда сатылған 20 мыңнан астам билеттің 200 миллион теңгеге жуық ақшасы қайтарыла ма? Ол жағын да дөп басып айту қиын. Себебі, қаражатты қайтару мәселесі тек сот үкімінен кейін белгілі болады.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу