4 мамырдан бастап жұмысы жанданатын қызмет түрлерінің тізімі белгілі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

4 мамырдан бастап жұмысы жанданатын қызмет түрлерінің тізімі белгілі болды

29.04.2020

4 мамырдан бастап жұмысы жанданатын қызмет түрлерінің тізімі белгілі болды. Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда бекітілген тізім жарияланды. Сонымен, 4 күннен кейін аумағы 500 шаршы метрге дейін болатын азық-түліктік емес дүкендер сағат 17:00-ге дейін жұмыс істей алады. Бұдан бөлек, фотосалондар, гүл сататын дүңгіршектер, шаштараздар, медицина орталықтары, стоматологиялық клиникалар да қызмет көсете бастайды. Жылжымайтын мүлікпен операцияларды жүзеге асыратын компаниялар, жарнама агенттіктері, адвокаттар мен нотариустар, шағын қаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары, ломбард, айырбастау пункттері, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары да іске кіріседі. Барлығы алдын ала жазылу тәртібі бойынша жұмыс істейді.  

Сонымен қатар, 4-мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Қызылорда, Петропавл, Өскемен және Семейге әуе қатынастары қайта жанданады. Рейстер санитарлық талаптардың нормаларын күшейтіп, аз жолаушымен және салонда ерекше қашықтықты сақтаулары шарт. Бұдан бөлек, отырыста Төтенше Жағдай кезінде ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, сыртқы сауда операцияларын жүргізу сынды маңызды мәселелерді қарады.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу