Ақмола облысында бүгін 91 жастағы қария жұқпалы індеттен жазылып шықты. Жалпы, елде аурудан 754 адам айықты. Дегенмен, босаңсуға әлі ерте.
Ақмола облысында коронавирустан жазылып шыққан 27 адамның 25-і қарттар. Ең үлкені 91-де. Ал облыс бойынша жазылғандар саны 60-қа жетті.
Жаппай тест жасаудың нәтижесінде Елордада вирус жұқтырғандардың саны көп тіркеліп жатыр. Соңғы күндері індет жұқтырғандар саны екі есе өсті. Бүгіннің өзінде 52 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. барлығы да ер адам. Осы уақытқа дейін 15 мыңнан астам адамнан сынама алынған. Енді ел бойынша тәулігіне 28 мыңға дейін тест жасалмақ.
Ал коронавируқа шалдыққан науқастың бір күндік еміне 15 мың теңге жұмсалады.
Теміртауда да індет өршіп тұр. Облыс бойынша инфекцияны жұқтырғандар саны 136 болса, оның 40 пайыздан астамы кенді қалада тіркелген. Сол себептен облыста карантин талабы жеңілдегенмен, Теміртауда темірдей талап сақталады.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ