Елордалықтарға саяжайға баруға рұқсат берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалықтарға саяжайға баруға рұқсат берілді

28.04.2020

Елордалықтарға саяжайға баруға рұқсат берілді. Тек сақтық шарасын қатаң сақтауы тиіс. Қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің айтуынша, оларға таңғы алты мен кешкі сегіз аралығында жеке көлікпен қатынауға рұқсат беріледі. Әрі саяжай серіктестігінің мүшесі екенін растайтын құжаты болуы тиіс. Ол болмаса, мемлекеттік актіні көрсету керек. Онда жерді пайдалану мақсаты нақты жазылуы шарт. Жалпы қазір 64 саяжай серіктестігінде 20 мыңнан астам адам тұрады.  

Далаға шыққан адамдар қауіпсіздік талаптары мен бірқатар ережелерді орындауы шарт. Мәселен, көшеде бір үйдің адамдарын қоспағанда, үш адамнан артық жиналуға болмайды. Ал кәмелетке толмаған балалар ата-анасы немесе 18 жасқа толған туысы қасында болмаса аулаға шыға алмайды. Серуенге шыққан адамдарда медициналық маска және қолғап болуы шарт, жеке құжатын ұмытпай алып жүруі тиіс. Тұрғындарға өз тұрғын үйі маңындағы аулада ғана серуендеуге рұқсат етіледі.

Сонымен бірге 11 мамырға дейін қалада автобустар жүрмейді. Қоғамдық көліктің қозғалысы мен блок бекететрге қатысты шешімді тек мемлекеттік комиссия қабылдайды.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу