Елімізде жаңадан ұлттық тауар өткізу желісі құрылады. Мұндай алып қоймаларды әзірге Алматы, Түркістан және Павлодар облыстарында салу жоспарланған. Көтерме сауда орталықтарының жаңа желісі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандырып, тапшылығын жояды деген үміт бар. Бұл туралы бүгін онлайн өткен Үкімет отырысында талқыланды.
Бақыт Сұлтанов қалаларда жаппай алып қоймалар салу керектігін айтады. Енді екі жылда салынатын 5 көтерме сауда қоймалары 5 миллион тоннаға жуық өнімді сақтап, таратуға мүмкіндік береді.
Әкімдер сауда желісін құруға ғана емес, интернетті дамытуға да ерекше мән беруі керек. Өйткені қазір интернет халық үшін негізгі байланыс көзіне айналды. Сондықтан шалғайдағы елді мекендер де ғаламторға қосылуы тиіс. Жауапты министрлікке де артылған жүк көп.
Министрдің айтуынша, биыл мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады. Премьер-Министр осы маңызды шаруаны шатқаяқтатпай уақтылы іске асыруды тапсырды.
Мәліметтер бойынша қазір еліміздегі 118 қала мен 4200-ден астам ауыл кеңжолақты интернетпен қамтылған. Енді тағы мыңнан астам елді мекенге желі жеткізілсе, ғаламторға қосылған ауылдар саны 5 мыңнан асады.
Досжан МАРАТҰЛЫ