Далада қалғалы тұрған отбасының бір айлық пәтерақысын төлеп берген ақтөбелік полицейдің әрекеті кешелі бері ел аузында. Бақтияр Жақыпов бүгін тілшілерге оқиғаның мән-жайын өзі айтып берді. Қоңырау шалған үй иесі, пәтерін жалға алғандарды ақша төлемегендіктен шығарып жіберуге көмектесуін сұраған. Алайда, екі кішкентай баламен барар жері қалмаған отбасының пәтерақысын ойланбастан өзі төлеген. Бақтияр бала күнінде өз отбасының дәл осындай қиындыққа тап болғанын, ол кезде анасына көмектесе алмағанын айтады. Сондықтан қысылтаяң кезде айлығының үштен бірін жанұяның игілігіне жаратқанына өзі дән риза. Осы оқиғадан кейін оның өзге облыстардағы әріптестері де хабарласып, көмектесуге әзір екендіктерін жеткізген.
Біз Бақтияр қамқорлық танытқан Самал есімді әйелге де хабарласқан едік. Ол осы оқиғадан соң қолдау көрсетуге ниеттілердің көбейгенін айтты. Бірақ ол: «Менен гөрі мұқтаж адамдар бар, қайырымды жандардың соларға қол ұшын созғанын қалаймын»,- деп көмектен бас тартқан.
Жақсыбек КЕМАЛ