Елімізде карантин мерзімі 11 мамырға дейін ұзарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде карантин мерзімі 11 мамырға дейін ұзарды

27.04.2020

Елімізде карантин мерзімі ұзарды. Бүгін мәлімдеме жасаған Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы шешімін айтты. Дегенмен, өңірлерде карантин талаптары жеңілдейді.

Қазақстанда төтенше жағдай жарияланып, кейбір қала халқының карантин режиімімен күелткеніне 43 күн болды. Аз уақыт емес. Дегенмен, Президент пәрменінің арқасында қауіпті індет жаппай таралған жоқ. Есесіне жұрттың жұмысыз қалып, табыстан қағылғаны рас. Бірақ, бірде бір қазақстандық қолдаусыз қалмады.

Мамырдағы мерекелер мамыражай күйде өтпейді. Дегенмен, Жеңіс күнінде соғыс ардагерлерінің бірде-біреуі елеусіз қалмайды. Бәріне лайықты құрмет көрсетіледі.

Еліміз дамудың жаңа деңгейіне қадам басып отыр. Сондықтан экономика мен мемлекеттік басқару жүйесін ауқымды әрі маңызды өзгерістер күтіп тұр.

Індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген азаматтарға Президент тағы да алғысын жеткізді. Халықтың қауіпсіздігі үшін жанкештілік танытып жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне және әскери қызметшілерге, сонымен қатар, қауіп пен қатер қатар қабысса да мұқтаж жандарға көмек қолын созған волонтерлерге ризашылық білдірді. Мемлекеттік аппараттың қызметкерлері де құрметке лайық. Әрі халыққа жедел және шынайы ақпарат таратып жүрген журналистер қауымына да алғысын жеткізді.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу