«Астана» халықаралық қаржы орталығына алғашқы 55 компания тіркелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана» халықаралық қаржы орталығына алғашқы 55 компания тіркелді

02.07.2018

Бұл туралы орталықтың басқарушысы Қайрат Келімбетов айтты. Айта кету керек, «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы осыдан бірнеше жыл бұрын айтылды. Орталықтың ресми таныстырылымы осы аптада Президенттің қатысуымен өтеді. Жоспар бойынша 1 шілдеге дейін 50 компания тіркелуі керек болатын. Алайда, жаңа қаржы орталығы мен ондағы биржаға қатысуға ниет білдірген компаниялар саны одан әлдеқайда көп. Орталықтың ресми ашылуы аясында Астанада бірнеше халықаралық форум өтеді. Қаржы тақырыбындағы шараларға бүгіннің өзінде 2000 қатысушы тіркелген.

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

- Астананың қаржы күндері аясында осы аптада жаһандық қаржы форумы және «жасыл» экономика мен «жасыл» қаржыға байланысты форум өтеді. Бұдан бөлек, Ислам экономикасының форумын да өткізу жоспарланған.

Орталықтың ашылуы аясында елордада бірқатар мәдени, тарихи шаралар да ұйымдастырылып жатыр. Солардың бірі «Қазақ Рухы» атты көрменің ашылу салтанаты. Мұндай шаралар арқылы шетелдік қонақтарға еліміздің экономикалық ахуалынан бөлек, қазақ халқының мінезі, тарихы, болмысы таныстырылып жатыр. «Бұл да инвесторларды тартуға ерекше септігін тигізеді», - дейді мамандар. 

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу