Қарағандыда қалыңдығын көлігінің жүк салғышына жасырып блок бекеттен өтпек болған жігіт ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда қалыңдығын көлігінің жүк салғышына жасырып блок бекеттен өтпек болған жігіт ұсталды

24.04.2020

Елімізде төтенше жағдай тәртібі әлі де жалғасуда. Алайда ережені елемей, карантин талаптарын орындамай жатқан азаматтар қатары азаяр емес. Мәселен, наурыз айының ортасынан бері еліміз бойынша 10 мыңнан астам адам төтенше жағдай талаптарын бұзған. Заңға бағынбай дөрекілік танытқандарға полицейлер күш қолдануға мәжбүр. Елордалық полицейдің қызу қанды жігітке газ балонын шашып жатқан видеосы әлеуметтік желіде талқыға түсіп жатыр. Ал көше кезген жігіттер билік өкіліне бағынбағаны үшін енді 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ал Қарағандыда қалыңдығын көлігінің жүк салғышына жасырып блок бекет арқылы өтпек болған жігіт ұсталды. Жалпы бір апта ішінде облыс бойынша арнайы рұқсатсыз жүрген 450 көлік айып тұрағына қойылған. Ал Таразда төтенше жағдайға қарамай, жасырын жұмыс істеп келген монша анықталды. Тәртіп сақшылары оны рейд кезінде анықтап, әкімшілік айыппұл салынған. Ал кәсіп иесіне жаза одан да қатаң болмақ.  Сондай-ақ Қостанай облысында 11 500 дана медициналық масканы шекарадан заңсыз алып өтпек болған азамат ұсталды. Ол Алматыдан шығып Ресейдің Екатеринбург қаласына жол тартқан. Алайда сапары Қостанай облысы аумағынан көрші елге өтетін «Қайрақ» шекара бекетінде аяқталды. Медициналық заттар тәркіленіп, Денсаулық сақтау басқармасына тапсырылды. 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу