Еліміздегі еріктілер мұқтаж отбасыларға көмек қолын созуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі еріктілер мұқтаж отбасыларға көмек қолын созуда

23.04.2020

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мұқтаж отбасыларға көмек қолын созу бір сәтке тоқтаған емес. Бүгін Алматыда Польшадан келген гуманитралық көмек «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорына табысталды. 10 ноутбук пен 3 мың масканы еліміздің Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин еріктілер арқылы әр жанұяға жеткізіп береді.

Ноутбуктар қашықтан оқытудан қиындық көріп отырған отбасыларға ауадай қажет. Алайда техниканың бір бөлігі былтыр «Русафа» гуманитарлық акциясы аясында Ирактан Қазақстанға әкелінген балаларға берілмек. Ал 3 мың маска азық-түлік себеттеріне салынады. Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин мұндай көмектің көпбалалы, үйінде мүгедек бала тәрбиелеп отырған, тұрмысы төмен отбасылар үшін аса қажет екендігін айтуда.

Алматыда 1,5 айдың ішінде бір ғана қоғамдық бірлестіктің еріктілері қаладағы 2 мыңнан аса отбасыға көмек қолын созды.

Жұмысы тоқтап, қиындыққа тап болған отбасылар кез келген өңірде бар. Мәселен, Көкшетауда мұндай көмек бірінші кезекте көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызбасты қарияларға берілді.

Польшадан арнайы жеткізілген бүгінгі көмек те алдағы күндері өз иелерін табады.

Жазира ОРАЗҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу