Тұрғындарға дөрекілік көрсеткен полицейлер жазалануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғындарға дөрекілік көрсеткен полицейлер жазалануда

22.04.2020

Карантин режимін қадағалап жүрген полицейлердің дөрекі әрекеттері әлеуметтік желілерге тарап, қоғамның қызу талқысына түсіп жатыр. Төтенше жағдай тәртібін қадағалауға селқос қараған жауапты қызметкерлер қызметінен босатылуда. Тіпті, осы жағдайға қатысты Ішкі істер министрі өз ұстанымын да жариялады.

Полицияның қарсылық танытқан адамды жұдырықпен төпелеп, тастың үстінде сүйреп, тіпті қолын керіп, басынан аяқпен езген сәті барлық әлеуметтік желіге тарады. Кейін Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті дәл осы жағдайға қатысты түсініктеме берді. «Қызметін асыра пайдалану» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын айтты. Сондықтан әзірге құқықтық баға берілмейтінін жеткізді.

Заң шеңберінен шыққан полицейлердің әрекеті міндетті түрде тексеріледі. Қоғам назарын аударған кез-келген келеңсіз оқиға тергеліп, тиісті бағасы берілетінін айтты ведмоства өкілдері. Осы ретте, барлық азаматтарға төтенше жағдай уақытында тәртіпке бағынып, арандатушылықтан аулақ болуды ескертті. Себебі сақшылармен арадағы жанжалдардың басым бөлігі қарсылық танытудың салдарынан туындап жатады.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу