42500 теңге алғандар немесе құжатты қателесіп тапсырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Бұл туралы бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты. Әлеуметтік төлем алғандарды тергеп-тексеру жұмыстары да жүргізілмейді. Сондықтан уайымдаудың қажеті жоқ. Дегенмен, өтініш бергендердің барлығына бірдей төлем тағайындау мүмкін болмады.
Министрлік 42500 теңгенің талаптарын түсіндіру үшін осымен 7-ші рет жұрт алдына шықты. Себебі, халықтың сұранысына сай төлем талаптары да жиі өзгерді.
42500 теңге мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді. Сондықтан жұмысы бар, жалақысы сақтала тұра құжат тапсырғандарға осы сақтандыру қорының өкілдері тарапынан қайтару туралы талап қойылады. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қылмыстық жауапкершілікке тартпайды. Қателесіп өтініш бергендер қаржыны қайтару үшін шектеулі уақыт жоқ. Мүмкіндігі болған кезде ақша түскен банкіге аудару қажет. Ал алуға тиісті азаматтардың өтініші кешіктірілсе, статус арқылы тексеріп, немесе 1411 және 1414 байланыс орталығына хабарласуға болады.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ