Шымкенттегі орталық көшелердің біріндегі блок бекетте тұрған полиция қызметкерін автокөлік қағып кетті. Қымбат бағалы «Lexus LX 570» көлігі жүйіткіп келе жатқан күйінде екі жолдың қиылысында тұрған полицейді басып, етпетінен түсірді. Салдарынан кезекшілікте тұрған тәртіп сақшысы ауыр жарақат алды. 33 жастағы автокөлік жүргізушісі оқиға орнында ұсталды. Ол 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Түркістан облысында да полицейлер тәртіпке бағынбаған тұрғынның әрекетінен зардап шекті. Араққа сылқия тойған көлік жүргізушісі Жетісай қаласында талапқа бағынбай екі тәртіп сақшысын көлігімен қағып өткен. Онымен қоймай, құжаттарын тексеріп тұрған үшінші полицейді есігіне қыстырған күйі автокөлігімен сүйретіп әкеткен. Үш құқық қорғау қызметкері де жарақат алды. Медициналық сараптама кезінде тәртіп бұзған азаматтың спиртті ішімдіктен бөлек, есірткі шеккені де анықталды. Оның көлігі айыптұраққа қойылды. Ал өзі билік органының қызметкерлеріне бағынбағаны үшін абақтыға қамалды.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ