Қарияларға ыстық тамақ таратуға еріктілер жетіспей жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарияларға ыстық тамақ таратуға еріктілер жетіспей жатыр

17.04.2020

Қарияларға ыстық тамақ таратуға волонтер жетіспей жатыр. Карантин басталғалы елордалық кәсіпкерлер 200-ден астам жасы егде және мүгедек жандарға тағам әзірлеп, үлестіруді қолға алған еді. Алайда күннен күнге сұраныс көп. Жомарт жандар жеткізетін адам аз екенін айтады. Біздің түсірілім топ осы қайырымдылық шарасын көзбен көріп, мәселенің мән-жайын тыңдаған еді.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Таңғы сағат 7:00. Бірақ ас дайындау орнындағы тірлік қызу. 

Азамат Амангелдиев, аспаз:

Бүгінгі ас мәзірі сорпа. Осындай кезде бір-бірімізге қолдау танытуға тиіспіз, әсіресе қарттарымызға.

Қайырымды іске жұмылған аспаздар. Қарттар үшін таң сәріден жұмысқа келеді. 20 күннен бергі режим солай. 200-ден астам адамға құнарлы, дәмді түскі ас әзірлеп үлгеру керек. Арнайы ыдыстарға құйып, даярлау жұмысы тағы бар.

Бұл бастаманы елордалық кәсіпкерлер қолға алған. Бірақ тағам даяр болғанмен, үлестіретін адамдар жетіспей жатыр.

Дархан Иманашев, кәсіпкер:

Себебі, мекенжайлар көбейіп жатыр. Күн ысып барады.  Волонтерлар санын көбейткіміз келеді.

Әлішердің өзі күніне 20 шақты адамға тамақ таратады. Алғашқы тұрғын 83 жастағы Владимир Бабенко.

Владимир Бабенко, қала тұрғыны:

Менің алғысым шексіз. Бізге қамқорлық танытып жатыр. Өте сыпайы. Амандасып, қал сұрасады. Қарттарды ұмытпағандары жүрегімді кернейді.

Жалғызілікті қарияның көзінде мұң, жаны жаралы, жүріп-тұруы қиын. Ет жақындары алыста. Осындай сан тағдыр иелерінің қайырымды бастамаға алғысы ерек.

Әлішер Хафизов, волонтер:

Өте қатты қуанып жатыр. Кейбіреулері жылап жатыр. Олардың да батасын алып, біз өзімізде ерекше қуаныштамыз, ерекше сезімдеміз.

Әлішер асығыс. Уақыты қарбалас. Өйткені оны күтіп отырған дәрменсіз жандар көп. Егер сіздің де осы қатарға қосылғыңыз келсе, экрандағы мына нөмірге хабарласыңыз.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу