Карантин аяқталып, қалыпты өмірге оралғанда да коронавирус көзден ғайып болмайды. Бұл індет әлі біразға дейін бізбен бірге өмір сүреді. Ұлттық биотехнология орталығының мамандары осылай дейді. Институт ғалымдары елімізге жұқпалы дерттің нақты қайдтан келгенін зерттеп жатыр. Жақында қорытындысымен де бөліспек. Ал отандық ғалымдардың қолында бары әрі соңғы жаңалығы, ол — коронавирус ешқандай да әскери, не қолдан жасалған биологиялық қару емес. Орталық қызметкерлері оның геномын зерттеп, табиғи жолмен таралғанына көз жеткізген. Вирусқа «қарапайым тұмау» деп баға беретіндерге де ғалымдардың айтары бар. Олар тұмауға қарағанда коронавирустан көз жұматындар саны он есе жоғары екенін айтады.
Ғалымдар бұл дертпен күрестің басты құралы «карантин» деп отыр. Коронавирустың шарықтау шегінен өткен соң да сақтық шараларын біразға дейін ұстануға тура келеді. Өйткені дерттің екпіні бәсеңдегенімен, таралуы тоқтамайтынын айтады мамандар. Айта кетейік, коронавирустың шарықтау шегі сәуірдің соңы мен мамырдың басында болады деп болжанған.
Альбина ӘШІМ