«Болашақ» стипендиясын тағайындау тәртібі өзгерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Болашақ» стипендиясын тағайындау тәртібі өзгерді

17.04.2020

Бұдан былай «Болашақ» стипендиясы шетелдік оқу орындарына өз күшімен түскен азаматтарға ғана беріледі. Жеңілдік тек ауыл азаматтары үшін ғана қалды. Олар бұрынғыша 6 ай тілдік курстан өтеді, бірақ, IELTS-тан 6 балл жинауы тиіс. Ал басқа санаттағы барлық квота алынып тасталды. Яғни мемлекет есебінен елімізде және шетелде тілдік тағлымдамадан өтпейді. Өз бетінше оқуға түсіп келуі тиіс. Әрі үміткерлердің шет тілін білу деңгейі IELTS-тан 6,5 балдан кем болмауы керек. Бұдан бөлек, конкурстық іріктеу кезеңдері алтыдан үшке, яғни, екі есе қысқарды. Сондай-ақ халықаралық бағдарламалар орталығы енді шетелде оқытылатын мамандықтар тізімін еңбек нарығындағы сұранысқа қарай жаңартып тұрады. Стипендия елдегі кәсіпорындар мен ұйымдарына қажет кадрларға ғана берілуі тиіс екенін айтады орталық басшысы. Тәуелсіз сарапшылар комиссиясына да талап қатайтылды. Үміткерлерге мемлекеттік тілді білу талабы да күшейтілді. Бұрын ҚАЗТЕСТ тестілеу жүйесінде келетін 150 сұрақтың тең жартысына дұрыс жауап берсе жеткілікті болатын. Енді жаңа ереже бойынша сынақтан өтеу үшін кемі 100 сауалаға қатесіз жауап беру міндет. Себебі шет елдерде оқу бітіріп келген болашақтықтардың қазақшасына сын көп айтылып жүр. Елге қызмет – тілге құрметтен басталатынын ескерген орталық басшылары бұл мәселеге ерекше мән беріп отыр.   

Нысаналы ЫҒЫЛ


Хабарламаларға жазылу