Елімізде МиГ-31 ұшақтарының ұшуы тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде МиГ-31 ұшақтарының ұшуы тоқтатылды

17.04.2020

Елімізде МиГ-31 ұшақтарының ұшуы тоқтатылды. Қарағанды облысындағы әскери ұшақ апатына байланысты осындай шешім қабылданды. Бүгін оқыс оқиғаға қатысты толық ақпарат жарияланды. Құлаған ұшақта болған қос экипаж мүшесі де тәжірибелі әскери ұшқыштар. Қазір олар кеншілер қаласындағы ауруханада ем алып жатыр.

Біреуінің жағдайы қалыпты болса, екіншісінің халі орташа ауыр. Ал, әуе апатын зерттеу бойынша Қорғаныс министрінің тапсырмасымен құрылған комиссия жұмыс істеуде.

Айта кету керек, құлаған ұшақ 1991 жылы наурыз айында Ресейдің «Сокол» авиазауытынан шыққан. Жарамдылық мерзімі 30 жыл деп көрсетілген. Осыған байланысты дәл осы ұшақ 2013 жылы Ресейдің Ржев қаласында күрделі жөндеуден өткізілген. Оның құжатында 8 жылға дейін пайдалануға болады деп рұқсат етілген. Яғни бір жылдан соң оның жарамдылық мерзімі бітуі тиіс еді.

Жалпы бұл МиГ-31 ұшағының Қазақстандағы төртінші рет апатқа ұшырауы. Бұдан бұрынғы оқиғалар 2007, 2008, 2013 жылдары тіркелген болатын.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу