Бүгін коронавирус тағы бір қарттар үйіне жетті. Бұл жолы Нұр-Сұлтан қаласындағы Шарапат әлеуметтік қызмет көрсету орталығы.
Инфекция анықталғандардың барлығы қызметкерлер. Қарттардың жұқтырған дерегі жоқ. Болмасын деп тілейміз. Себебі барлығымызға аян бұл ауруды дені сау жастар жеңілірек өткізсе қарт адамдардың ағзасы көтере алмайды. Жалпы бүгін Елордада 12 адамның вирус жұқтырғаны анықталған. Олардың жетеуі осы орталықтың қызметкері. Орталықта бірден санитарлық нормалар күшейтіліп, дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. Іштегі барлық адамдардан коронавирусқа сынама алынды.
Шарапат орталығында жалпы 85 қызметкер бар. Қызмет алушылардың саны 309.
Бұған дейін тағы бір қарттар үйінде вирус анықталғаны белгілі. Қазіргі жағдай бойынша ол жерде індетті 41 адам жұқтырған. Оның үшеуі қызметкер болса, өзгесі орталықтың тұрғыны. Өкінішке қарай, ол жерде 3 адам көз жұмған. Ақмола облысындағы орталықта барлығы 74 адам жұмыс істейді. Қызмет алушылардың саны —147. Қазір орталық карантинге жабылып, жұмысшылардың 51-і еңбек демалысына жіберілді. Бұл жерде жағдай біршама жақсы өтіп, адам шығын болмайды деп үміттенеміз.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ