Карантин енгізілгелі Елордада елге керекті азық-түлік бағасы аспандап кетті. Бірақ ол үшін жазаланып жатқан ешкім жоқ. Сауда және интеграция министрлігі тауарларға «шекті баға» бекітсе де, оны елеп жатқандар жоқ.
Министрлік сиырдың еті 2113 теңгеден аспауын міндеттеген. Бірақ кей жерлерде еттің бағасы 2300 теңгеден сатылуда.
Карантинде шарықтап кеткен тағамның тағы бірі – күріш. Оның келісі - 307 теңге деп бекітілген, алайда, біз көрген күріш 340, 380 теңге. Ал 351 теңгеден сатылуы тиіс жұмыртқа 450 теңгеден тұр. Қарақұмық 339 теңге болуы тиіс еді, бірақ, мұндай баға таппадық.
Саудагерге көздегені – пайда. Оларда ненің бағасын өсіруді біледі. Өйткені, барлығын реттейтін-нарық, бірақ түбінде қиналатын – халық.
Әкімдік өкілдері рейд жүргізетін мобильді топтың жасақталғанын айтқанмен, жұмыстың нәтижесі жайында ақпарат бермеді. Сәйкесінше, әзірге жазаланып жатқан саудагер де жоқ. Естеріңізге сала кетейік, Президент азық-түлік бағасын қадағалауды, әрі жедел әрекет етуді Үкіметке бір ай бұрын тапсырған еді. Сауда және интеграция министрлігі шекті бағаларды екі аптадан кейін ғана бекітті. Одан бері де он күн өтті.
Амангелді СЕЙІТХАН