Төтенше жағдайға байланысты елімізде коммуналдық төлемдер құны орта есеппен 7 пайызға төмендеді. Бұл қазақстандықтардың 1 айда шамамен 950 миллион теңгені үнемдеуіне мүмкіндік беретінін айтады мамандар.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметінше, сумен қамту - 7,6 пайызға, суды бұру - 8,2 пайызға арзандаған. Ал жылу - 6,8 пайызға, электр қуаты - 4 пайызға төмендеген. Жаңа тариф 1 сәуірден бастап есептеледі. Сондықтан арзандатылған түбіртектерді тұрғындар мамыр айында алады. Бір мәселе — бұл өзгерістің әзірге елордалықтарға қатысы жоқ. Мұнда коммуналдық жеңілдік бойынша басқа жаңа жоба қолға алынып жатқанын айтады мамандар.
Сондай-ақ 1-ші мамырдан бастап банктер картамен жасалатын кейбір төлем түрлері үшін комиссияны азайтты. Бұл өзгеріс білім беру, медициналық қызмет, дәріханалар, ақылы жолдар мен автотұрақтар, ауылшаруашылығы және жылжымайтын мүлік операцияларына қатысты.
Амангелді СЕЙІТХАН