Індетпен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне арналған төлемдер төңірегінде түсінбеушілік көбейді. Өскеменде жедел жәрдем қызметкерлері демеу қаржыны барлығына бірдей төлеуді талап етіп жатыр. Алматыдағы дәрігерлер де жалақыға қосылатын үстемақыға қатысты шағымдарын әлеуметтік желі арқылы жеткізді. Бұған қатысты тиісті ведомство басшылығы жауап берді.
Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері де осы төлемдер бойынша шағымданды. 20-ға тарта медицина қызметкері өздеріне үстемақының 3-ші санат бойынша тағайындалғанымен келіспейтіндігін әлеуметтік желіге жазды. Ақтөбелік бірқатар қызметкерлер де осы орайда наразылығын білдіргенді. Бұл мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрі жауап берді.
«Алматы қоғамдық денсаулық басқармасы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген денсаулық сақтау министрлігінің коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимылмен айналысатын дәрігерлердің төлемдерін реттейтін бұйрығын түсіндіруде қателік жіберген. Инфекциялық стационарлардың барлық дәрігерлері, медбикелері мен кіші медициналық қызметкерлері жалақыға тиісті үстеме ақы төленетін 1-ші санатқа жатады.
Ведомство басшысы жауаптыларға олқылықты жойып, дәрігерлерге бекітілген бұйрыққа сәйкес қосымша ақы төлеуді тапсырды.
Берік КӨШЕРБАЙ