Елдегі мыңға жуық мұнай сервистік компаниялар мемлекеттен көмек сұрап отыр. Кәсіпорынның көбі шығынға батқан. Бұған қара алтын құнының құлдырауы сбеп. Мұнайға сұраныс азайған соң сервистік қызмет те қысқарып кетті. Дер кезінде мемлекеттен қолдау болмаса, құрдымға кетеміз деп дабыл қақты. Тіпті 3 айдың ішінде 30 мыңнан аса адам жұмыссыз қалуы мүмкін.
200 мың адам жұмыс істейтін мыңға жуық кәсіпорын өкілдері Президентке хат жазды. Мұнай сервистік компаниялар корпоративті табыс салығын 10 процентке төмендетіп, қосымша құн салығынан босатуды сұрайды. Былтыр олар мемлекетке 1 триллион теңге салық төлеген. Бұл банк секторының төлемдерінен 2,5 есе көп.
Сарапшылар болжамына қарасақ, Қазақстан үшін қара алтын құны барреліне тек 40 доллардан түспесе ғана тиімді. Өйткені Brent баррелі 20 доллардан аспаса, мұнай қоры жылына ЖІӨ-нің 2,5-2,8 процентін жоғалтады. Алайда, мамандар мұнай бағасы төмен болғанымен, Қазақстанда жинақталған қор 15 жылға жететінін айтады. Бүгін Brent баррелі 34 доллардан саудаланды.
Ақерке БЕКТАС