Ақмола облысында коронавируска қатысты жағдай ушығып тұр. Бүгін індетке 13 адам шалдықты. Олардың барлығы қарттар үйінің тұрғыны екені белгілі болды. Целиноград ауданының Аққайың ауылындағы «Шапағат» әлеуметтік орталығы – қарттар үйінің тұрғындары. Бас-аяғы осы 13 науқасты қосқанда барлығы осы орталықтағы 35 адамнан коронавирус анықталды. Оның біреуі әлеуметтік орталықтың маманы, ал қалғандары қызмет алушылар. Ауруға шалдыққандар егде жастағы адамдар. Ең үлкенінің жасы 99-да. Мұндай мәліметті Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері таратты.
Науқастар Нұр-Сұлтан қаласының және Ақмола облысының емдеу мекемелеріне жеткізілді. Қарттар үйінде барлығы 74 адам жұмыс істейді. Ал мұндағы қарттар саны —147. Барлығынан сынама алынды. Қазір орталық карантинге жабылып, жұмысшылардың 51 еңбек демалысына жіберілді. Осылайша, облыста індетке іліккендер саны 56-ға жетті. 400-ге жуық адам дәрігерлер бақылауында. Бұл өңірде 792 тұрғын үй карантинінде.
Азамат БЕЙБІТҰЛЫ