Дауылдың салдарынан 30 адам жарақат алып, 2 тұрғын қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дауылдың салдарынан 30 адам жарақат алып, 2 тұрғын қайтыс болды

08.04.2020

Елімізді әбігерге салған тағы бір төтенше жағдайға тоқталайық. 2 адам көз жұмды. 30 адам жарақат алды. Мұның бәрі - дүлей дауылдың салдары. Ақмола облысында кеше кешке басталған қатты жел бүгін саябырсыды.  

Бурабай ауданының Ұрымқай ауылында ғимараттың шатыры ұшып, сол жерде күзетші болып істейтін ер адамның үстіне құлаған. Ол жедел жәрдем келгенше тіл тартпай кеткен.

Қатты жел Көкшетаудағы ғимараттардың шатырларын ұшырды. Салдарынан жаяу жүргіншілер түрлі дене жарақатын алды. Осы маңда басына соққы тиіп, облыстық аурухананың жан сақтау бөлімшесінде жатқан Көкшетаудың 24 жасар тұрғыны көз жұмды. Дәрігерлер операция жасағанымен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Облыс бойынша барлығы 30 адам медициналық көмекке жүгінген. Аймақта 115 ғимаратқа зақым келді. Көкшетауда 30-ға тарта аялдама аударылып қалған. Бірнеше үйдің шатыры ұшып кеткен.

Қала бойынша 11-12 бригада жұмыс істеп жатыр. Бүгін азанда 9 линия өшіп тұрған. Елдерге осы 1-2 күн ішінде светті түгел беретін шығар деп жатырмын.

Облыс аумағында зақымданған ғимараттың көптігі соншалық, шығынды есептеу жұмыстарына бір апта керек екенін айтады жауаптылар.

Ал қалпына келтіру жұмыстарына қаражат қайдан алынбақ, әзірге белгісіз.

Ермек ЕЛБЕРГЕН


Хабарламаларға жазылу