Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына үндеуі жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына үндеуі жарияланды

08.04.2020

Бүгін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына үндеуі жарияланды. «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында Елбасы қазіргі қиын-қыстау кезде халықты сабырға, байсалды, байыпты болуға шақырды. Әрі үлкендер мен жас буынға, кәсіпкерлерге қайырымды болып, бір біріне қарайласу керектігін айтты.

Әлемді әбігерге салған пандемия экономиканы тығырыққа тіреді. Алып компаниялар жұмысын тоқтады. Мұнайдың бағасы құлдырады. Алыс-беріс, барыс-келіс азайды. Елбасының қазба байлықтарға иек арта бермей, экономиканы әртараптандыру саясаты қазір өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Әсіресе, елді азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік мол. Одан бөлек, әлемдегі астық экспорттаушы алғашқы алты мемлекеттің қатарынан орын алдық.

Байбалам салғанша, ғылым-біліммен шұғылдануға шақырды. Тәртіпке бас иген құл болмайды. Көрші Қытай темірдей тәртіптің арқасында пандемияны жеңді.

Атқарушы билікке артылар жүктің салмағы ауыр. Елбасы бөлінген қаражаттың тиімді игеріді қадап айтты. Елдегі жетекші партия «Nur Otan»-ның мүшелері де осы сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуға тиіс.

«Азаттық жылдары билік кәсіпкерлікке көп жағдай жасады. Шаруасы шатқаяқтағандарды аяғынан тұрғызды. Енді олардың елге көмек беретін кезі келді»,- деді Елбасы. Ал мемлекет тарапынан бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрі жасалады. Елде ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды. Елімен бірге Елбасы бұл жолы да халықтың ортасында болып, жанынан табылатынын жеткізді.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу