Бұдан былай жаңадан сатып алған автокөліктерді арнайы қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ онлайн тіркей аласыз. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов мәлімдеді. Ол үшін «Электронды үкімет» немесе e.gov mobile мобильді қосымшасын пайдалансаңыз жеткілікті. Жалпы, соңғы кездері электронды үкімет порталына түсетін жүктеме 20 есеге дейін артқан. Төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бері 4 миллионнан астам адам кеңес алған. Осы себептен, e.gov.kz сайтындағы консультантардың саны 200-ден 2000-ға дейін жетті. Ал электронды цифрлық колтаңбаны 85 мыңнан астам қашықтан алды. Наурыз айының соңынан бері елдегі барлық ХҚКО жұмысын тоқтатқаны белгілі. Бірақ қызметтердің 80 пайызын электронды алуға болады. Жылдың аяғына дейін бұл көрсеткіш 90 пайызға дейін жетпек. Дегенмен, мамандар бір сағат ішінде әрі кетсе 600 мың байланыстың 5 миллионға дейін артатынына дайын болмағандарын мойындап отыр. 42 500 теңгені алу үшін жұмыссыз қалғандар жаппай электронды қызметке жүгінгені белгілі.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ