Алматыда вирус жұқтырғандар саны 119 адамға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда вирус жұқтырғандар саны 119 адамға жетті

07.04.2020

Алматыда коронавирус кеселіне шалдыққандар саны 119 адамға жетті. Қазір жұқпалы аурулар стационарларында 99 адам ем алып жатыр. Олардың төртеуі — бала. Соңғы тіркелген 45 жастағы азамат пен 1964 және 1962 жылы туған азаматшалар науқастармен байланыста болғаны анықталды. Ер адамның бұрынан пневмониясы болғандықтан жағдайы орташа, ал қалған екеуінің хәлі қанағаттанарлық. Олармен қарым-қатынаста болғандардың бәрі карантинге жатқызылған. Ал мегаполисте осы індеттен 21 адам жазылып шықты. Сонымен қатар, кеше 14 күндік карантинде болған 203 адам провизорлық орталықтардан шығарылды.

 Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының сөзінше, мегаполисте коронавируспен күреске 1 жарым миллиард теңге бөлінген. Қазір 168 миллионнан астам қаржыға қорғаныс заттары мен түрлі дәрі-дәрмек сатып алынған. Сонымен қатар, қаланың Бас дәрігері медициналық қызметкерлер жалақысын уақытылы алып жатқанын және мемлекет басшысының жарлығына сәйкес барлық дәрігерге үстемеақы төленетінін айтты.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу