Тараз қаласв бүгіннен бастап карантинге жабылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараз қаласв бүгіннен бастап карантинге жабылады

07.04.2020

Тараз қаласы карантинге жабылды. Қазір өңірде қауіпті індет жұқтырған 45 адам тіркелді. Ауырғандардың көбі шекара асып келгендер. Сондықтан облыс орталығы Тараз қаласы мен шекара аумағындағы Қордай ауданы толықтай оқшауланды.

Карантинге жабылған шағын шаһардың кіре беріс жеті қақпасына 7 блок бекет орнатылып, барыс-келіске шектеу қойылды. Жалпы облыстың аумағына осындай 30-дан астам блок бекет қойылған. Қазір бұл бекеттерде екі жүзге жуық полиция мен атты патруль, сондай-ақ жүзден астам әскери қызметкерлер кезекшілік етуде. Тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға күш құрылымдары мен медицина мамандары ғана емес, қоғам белсенділері де атсалысып жатыр.

Карантинге қарамай, бүгін төтенше жағдай режимін өрескел бұзған жүргізуші ұсталды. Әлеуметтік желіде тәртіп бұзған белгісіз біреудің бейне түсірілімі кең таралып, тәртіп сақшыларының назарынан тыс қалмады. Шектеу шараларына қарамастан блок бекеттер маңы мен қала көшелерінде жүргіншілер тыйылмай тұр. Әсіресе әкімшілік пен екінші деңгейлі банктың маңайын торуылдаған тұрғындардың шоғыры байқалады. Ал қаладағы карантиндік режимдегі госпитальде 1190 адам жатыр. Үй карантиніне 813 адам алынған.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ


Хабарламаларға жазылу