Қоғамдық орындарында бетпердесіз жүргендерге айыппұл салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоғамдық орындарында бетпердесіз жүргендерге айыппұл салынады

06.04.2020

Карантин кезінде себепсіз көше кезген көлік жүргізушілеріне қарсы күрес күшейді. Мәселен, елордадағы коммуналдық айып тұрақтарына санаулы күнде 250-ден астам автомобиль жеткізілген. Ұсталғандардың көпшілігі такси болып табыс табуды көздегендер.

Полицейлер бір-ақ рет ескерту береді. Екінші мәрте ұсталсаңыз құтылу мүмкін емес. Сақшылардың төбесінен сергек камералары төніп тұр. Әрбір қимыл қырағы қадағаланады.

Шектеу шаралары күшейтілгенімен тәртіпке бағынбау деректері толастар емес. Қаладағы арнайы айыппұл тұрақтары лық толы. Көліктер сыймаған соң қосымша 4 коммуналдық айып тұрағы ашылған.

Ал мынау кешелі бері желіде желден де жылдам тараған оқиға. Дүкенге маскасыз келген адамды күзетшілер кіргізбей соңы төбелеске ұласты. Қазір істің ақ-қарасы анықталуда. Карантин уақытында көпшілік орында бетперде тағу шарт және ол мемлекеттік орган бекіткен ережелер санатына енген. Өзіңнің болмаса да өзгенің денсаулығын ойлау азаматтық парыз. Ал «тиісті талапты орындамасаңыз 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған»,- деді құзырлы мекеме мамандары. Кеше түнде полиция бекеттеріне режимді бұзған 257 адам жеткізілген. Айта кетерлігі, тәртіпті қадағалау күн санап күшеюде.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу