Елордада азық-түлік бағасы қымбаттаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада азық-түлік бағасы қымбаттаған

03.04.2020

Елордада азық-түлік бағасы шарықтап тұр. Кемі 40, кейбірі 100 пайызға қымбаттаған. Сыбайлас жерқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері жүргізген рейдтің нәтижесі осындай. Қымбатшылықты болдырмау туралы Президент тапсырмасын алған жауапты органдар қайда қарап отыр?

Нұр-Сұлтан сыртындағы ең арзан азық-түлік базары. Жаппай қымбатшылық орнаған. Саудагердің көздегені пайда, оңтайлы сәтті барынша пайдаланып жатыр.

Әбдіғани Бегенов, саудагер:

Карантин басталмай тұрып базарда картоп  100 теңгеден сатылып жатқан. Ал, қазір 125-130 теңге.

Кінәлі карантин. Сұраныс тудырған соң нарыққа жазық жоқ. Саудагерлер бұл заңды құбылыс, көтерме баға жоғары болған соң, амал жоқтығын айтып отыр.

Алмас Амираев, саудагер:

Осы кезге дейін қара құмықтың бағасы 270 теңге болып келді. Қазір 350 теңге. Қымбаттатқан. Оның нақты себебін білмейміз.

Көтерме сауданы көргеннен кейін қала ішіндегі базарларға келдік. Мұндағы баға тіптен қымбат. Мәселен, сыртта 80 теңгеден сатылып жатқан пияз бұл жерде 160 теңге.

Саудагерге тек әкімдік өкілі ескерту жасады. Осыдан екі апта бұрын шыққан Үкіметтің азық-түлікті қымбаттатпау туралы Қаулысын әкімдік орындай алмай отырған көрінеді.

Азамат Рашитов, қалалық Инвестициялық және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бас маманы:

Қазіргі таңда бізде бағаны реттеу бойынша нақты алгоритм жоқ. Сауда және интеграция министрлігі тарапынан қойылатын шекті баға деген бар. Алайда жұмыс әлі күнге дейін аяқталмай келеді. 

Алайда Сауда және интеграция министрлігі бұл тұрғыдан жауап бермеді. Елдегі дендеген індетке байланысты жұмыс қарбалыс екенін айтып, түсіндірді.

Марат Сәттәрқұлов, Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің өкілі:

Егер Үкіметтің қаулысы шықса, ол бірден орындалуы керек. Қазіргідей төтенше жағдай кезінде бір құжатты жасау үшін бірнеше күн жүру - тиімсіз. Шешімдер шұғыл қабылдануы тиіс. Бұл жерде жемқорлық тәуекелдері болуы мүмкін деп ойлаймыз.

Бас қаладағы қымбатшылықты болдырмауға қатысты не үшін шұғыл әрекет болмауының себебі әзірге белгісіз. Белгілісі бір ғана жайт, қымбатшылықтан қиналатын халық.

Ал бізде керісінше...

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу