Өскемен қаласында 82 жастағы қария вирус жұқтырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемен қаласында 82 жастағы қария вирус жұқтырған

03.04.2020

Шығыс Қазақстанда тағы екі адам коронавирус індетіне шалдықты. Бұған дейін қатерлі дерт тек Семейде тіркелсе, енді Өскемен қаласына жетті. Кеселге шалдыққан 2 адамның бірі — 82 жастағы кейуана.

Қария осыдан екі күн бұрын дәрігерлер көмегіне жүгініпті және ол үшін жедел-жәрдем шақырмай, тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаға өзі барған.

Зейнеткер қаңтар айында Ресейге барып келгені белгілі болды. Қазіргі уақытта науқаспен байланыста болған 198 адам анықталып отыр. Олардың барлығы оқшауланды және де қала бойынша бірнеше көпқабатты үй полиция қызметкерлерімен қоршауға алынды. Ал короновирус жұқтырған төртінші науқас туралы әлі ешқандай мәлімет жоқ. Жалпы, Өскемен мен Семейде кешеден бері қосымша шектеулер еңгізілген. 6-шы сәуірден бастап үйден шығу ушін әрбір отбасыда арнайы рұқсат қағаз болу керек. Қазір халыққа осы рұқсатнама таратылып жатыр. Оны алу үшін біраз жерде адамдар кезекте тұруға да мәжбүр. Одан бөлек, банк бөлімшелері мен байланыс операторлары кеңселерінің алдында да жиналып тұрған адам көп. Жеке көлікпен жүруге және үйден шығуға тыйым салынғанға дейін көпшілік өз шаруасын бітіріп алуға асығуда.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу