Апта басында Президент Қ.Тоқаев төтенше жағдай бойынша құрылған Мемлекеттік комиссияны жинап, қалыптасқан ахуал бойынша жоспарды баяндады. Жоғары атқарушы билік не істейтіндерін жариялады. Экономика бойынша алаңдатарлық жағдай бар. Бүкіл әлем бойынша. Мұнай бағасының құлауы өз алдына, пандемияға байланысты өнеркәсіп бәсеңдеп, алыс-беріс, сауда саттық төмендеп барады. Жалпы, бүкіләлемдік экономика өзгеруі мүмкін. Қалып, тіпті болмыс... Дегенмен дәл қазір ел амандығы, адамдардың денсаулығы ең бірінші мәселе.
Карантин шаралары күшейтілді. Бірақ жер-жерде қамсыздық байқалды. Тойханада болмаса да, үйдің ауласында құдалық, кішігірім той бәрібір өтіп жатты. Міне, жылайсың ба, күлесің бе, дейтін бейнежазба аптаның екінші жартысында тарады.
Ең жаманы жаудың көзге көрінбейтіні. Алдыңда тұрса, немесе бұрыштан шыға келуі мүмкін екенін білсең, әйтеуір көзге көрінетін болса, мүмкін жеңілірек... Көзге көрінбейтіні және оны жоқ қылатын дәрінің табылмағаны өзіңді сақтау инстинктін арттыра түссе керек.
Індет құрбаны Италияда 10 мыңнан асты. 10 мыңнан!!! Рим, Мәңгілік Рим бейнелеп айтқанда тағы да құлаудың алдында. Өркениет расында бір жолайрықта тұрғандай.
Саламат Омаш көшедегі жұртты шыбықпен сабағандардан бастап, сыбап жүргендерді мысалға келтіреді. Жағдай «өй, қойыңдаршы» дейтін емес. Бетін аулақ қылсын, мына түрімен кете берсе, індет жұқтырғанды жатқызатын орын таппай қаламыз. Сонда қалай болады? Онсыз да қайталап айтамыз, шаншығанда дөп тиетін дауа табылған жоқ.