Криптовалюта керек валюта ма?! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Криптовалюта керек валюта ма?!

09.01.2018

Үш ірі криптовалюта биржасы жұмысын уақытша тоқтатты. Өйткені, сұраныс күрт өсіп, сайттар адамдарды тіркеп үлгермей жатыр. Binance атты криптовалютаның өзіне күніне 250 мың адам қосылады екен. Ал, виртуалды валютаның қазір түр-түрі бар. Дүниені дүрліктірген жаңа нарыққа Қазақстанда да қызығушылық артуда. Жұмыс істейтін отандастарымыздың 1 проценті криптовалютаны қолданады. Бірер жылда бұл көрсеткіш 5 процентке дейін жетеді деген болжам бар. Дегенмен, сандық ақшаның не екенін әлі де түсінбейтіндер көп. Альбина Әшім оның қыр-сырын білуге тырысып көрді.

«Криптовалюта» деген не? Алдымен соны түсініп көрейік. Америкада доллар, Еуропада еуро, Қазақстанда теңге қолданылса, криптовалюта – ол «интернет» деген әлемнің ақшасы. Яғни, сандық ақша. Оны ұстап та, көре де алмайсыз. Қаржылық бірліктерді қадағалайтын бірыңғай орталық та жоқ. Дегенмен, сарапшылар криптовалютаның болашағы зор екеніне сенімді. Тіпті, көп ұзамай әмияндардың мүлде қажет болмайтынын айтады. Өйткені, олардың орнын электрондық әмиян басады.

Ерлан Думанұлы 17 жасынан бері интернет арқылы ақша тауып жүр. Сондықтан, криптовалютаны «заман талабы» деп есептейді. Қазір оның компаниясы инновациялық стартаптарға сандық ақша шығаратын платформа әзірлеп жатыр. Бұл жоба тың идеяны қағаз ақшасыз-ақ жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Ерлан Думанұлы, инновациялық стартаптар жетекшісі:

- Сіздің бір мықты идеяңыз болса, өзіңіздің токендарыңызды шығарып, оны инвесторға биткоинға алмастырып сатасыз да, өз идеяңызды іске асырасыз. Қарапайым халық биткоиндарды сатып алу үшін бәрі қолайлы болу үшін қалаларға, дүкендерге, үлкен сауда орындарына терминалдар орнатайық деп отырмыз. Мынау бірінші үлгісі. Қазір іске қосайық деп отырмыз. Осы жерден келіп, теңгеңізді салып, биткоин сатып алуыңызға болады.

Қазір ең танымал криптовалюта биткоинның құны бір өсіп, бір түсіп, 13-16 мың доллар арасында құбылып тұр. Экономистердің болжауынша, жыл бойы биткоин бағасы қарыштай бермек. Ал, желтоқсанда 100 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Жалпы, криптовалюта нарығында былтыр 17 млрд. доллар айналымда болса, биыл бұл көрсеткіш 780 млрд. долларға жеткен.

Дастан Қожабеков, «Қазақстанның блокчейн және криптовалюта қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры:

- Біздің қауымдастықтың құрылғанына аз болғанымен, қоңырау шалып, криптовалюта туралы сұрайтындар көп. Қауымдастыққа мүше болайық дейтіндер де. 2-3 жылдан кейін қазіргіден де көп болады деп ойлаймын. Сондықтан, арнайы Сall-орталық ашу жоспарда бар.

Аз ақша салып, қомақты қаржы алу, жеңіл жолмен пайда көру көпшіліктің көзін қызықтыратыны анық. Сұраныстың артуы содан. Алайда, ауаға салған ақшаңыз күндердің күні құнсызданып, жоқ болуы да ғажап емес. «Сондықтан, нарықтың парқын білмейтіндер бұл іспен айналыспауы тиіс», - дейді мамандар. 

Мадияр Кенжеболат, экономика ғылымдарының кандидаты:

- Егер криптовалютаның құны түсіп кететін болса, сіз мысалы, үлкен бағамен сатып алсаңыз, шығынға түссеңіз, шығындарыңызды ешкім қайтарып бермейді. Оған ешкім кепілдік бермейді. Әркім өзі жауап береді, соны білу керек. 

Тағы бір теріс тұсы бар. Криптовалютаны заңсыз ақша табатындар ұтымды пайдалануы мүмкін. Өйткені, виртуалды ақшаға мемлекеттің өзі қол сұға алмайды. Заң жоқ. Әрі қаражаттың қалай, кімге кеткенін қадағалау қиын.

Мадияр Кенжеболат, экономика ғылымдарының кандидаты:

- Биткоин сатып алып, басқа мемлекеттегі сыбайласыңыз интернет желі арқылы биткоинді сатып, доллар алуы мүмкін. Сондықтан, бақылауда болмағандықтан, қылмыскерлер, ұйымдар үшін қолайлы болып тұр.

Әзірге әлем бойынша криптовалютаға сауда-саттық жасайтын елдер кемде-кем. Жақында ғана Оңтүстік Корея виртуалды ақшаны қолдануға тыйым салды. Біздің Үкімет те оған үмітпен емес, күдікпен қарайды. Дегенмен, сандық валютаның заңдастырылмағанына қарамастан, елімізде төл теңгені биткоинға алмастырғандар да жоқ емес. Сауда орындарының бірі техниканы сандық ақшаға сатып алуды ұсына бастапты. Ал, криптовалюта келешекке апара ма, әлде берешекке батыра ма, оны дөп басып ешкім айта алмай отыр.

 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу