Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған азаматтарға келесі айдың 5-6-сында жәрдемақы төлене бастайды.
Үкімет табысынан қағылғандарды екі топқа бөліп отыр. Біріншісі – жұмысынан айырылғандар. Екіншісі – мәжбүрлі түрде төленбейтін демалысқа жіберілгендер. Жұмысынан айырылған азаматтар жәрдемақы алу үшін алдымен e.gov порталы арқылы жұмыссыз ретінде онлайн тіркелуі керек. Егер оған 10 күн ішінде екі қолға бір күрек табылмаса, өтініші мақұлданып, жәрдемақы тағайындалады. Оның көлемі осы уақытқа дейін алған жалақысының 40 процентін құрайды. Сөйтіп 6 айға дейін оған көмек көрсетіледі. Ал мәжбүрлі түрде төленбейтін демалысқа жіберілгендерге ешқайда өтініш жазудың қажеті жоқ. Олар үшін барлығын жұмыс беруші істейді. Яғни қандай да бір мекеме қызметкерлерін ақысыз демалысқа шығарған болса, солардың тізімі мен дәлел болатын құжаттарды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жіберуі керек. Кейін ондағылар тізімдегі азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшері, яғни 42500 теңге көлемінде жәрдемақы төлейтін болады.
Дсожан МАРАТҰЛЫ